Батыс Қазақстан облысы Қазақстан Республикасының батыс бөлігінде орналасқан және республиканың орталық және оңтүстік облыстарымен және Орта Азия мемлекеттерімен шектесіп жатқан қақпасы болып есептеледі.
Облыс аумағы 151,3 мың шаршы шақырым жерді алып жатыр.
Шекарасы Ресей Федерациясының бес облысымен (Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор) және Қазақстанның екі облысымен (Ақтөбе және Атырау) беттесіп, олармен темір жол, автокөлік, су және әуе жолдары көліктері арқылы байланысады.
Аумақтың жер бедері жазық болып келеді. Облыстың солтүстігі мен солтүстік-шығысында Жалпы Сырт пен Орал алды үстіртінің тарамдары таралған. Оңтүстігінде Каспий маңы ойпатының аясында Нарынқұм сілемдері жайылып жатыр: Көкөзенқұм, Аққұм, Қарағандықұм және басқалары. Климаты шұғыл континентті.
Облыс үстімен Жайық өзені ағып өтеді, ол осы аймақтағы басты су желісі болып табылады. Одан басқа Сарыөзен, Қараөзен, Қалдығайты, Өлеңті, Бұлдырты, Шыңғырлау секілді ірі өзендері бар. Ірі өзендеріне Шалқар, Аралсор, Боткөл, Жалтыркөл, Сұлукөл және басқалары жатады.
Топырағы қара-сарғылт, сарғылт, ақшыл-сарғылт сазды және сортаңды. Астық тұқымдас-шөптесінді, астық тұқымдас-жусанды, жусанды-бетегелі өсімдік бірлестіктері кеңінен таралған.
Жайық өңірі пайдалы қазбаларға бай, олардың ішінде көп кездесетіні мұнай мен газ болса, Қарашығанақ кен орны әлемдегі қоры мол кендердің бірі болып табылады.
Облыс орталығы Орал қаласында орналасқан.
Облыстың тұрақты халқының саны 2005 жылдың 1 қаңтарына алғанда 606,5 мың адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары 262,5 мың адам немесе 43,3 пайыз болса, ауылдық жерлерде – 344 мың адам тұрады, бұл жалпы көрсеткіштің 56,7 пайызы.
Облыс бойынша халықтың орналасу тығыздығы орташа есеппен (аумақтың 1 шаршы шақырымын алғанда) 4,0 адамды құрады.
03.05.1962 жылға дейін Батыс Қазақстан облысы болып келіп, соңынан Орал облысы деп аталды, ал 1992 жылдың шілдесінен бастап бұрынғы Батыс Қазақстан облысы атауы қайтарылды.
Орал – Батыс Қазақстан облысының әкімшілік, өнеркәсіптік, тарихи және мәдени орталығы.
Қаланың іргесі 1613 жылы қаланған, Каспий маңы ойпатының солтүстік бөлігінде ерекше әсем дала жазықтығында, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалпы ұзындығы 1082 шақырым болатын Жайық өзенінің ортаңғы ағысын қуалай, оның оң жақ жағалауында және Шаған өзенінің төменгі ағысының сол жақ жағалауында орналасқан.
Орал қаласы ежелден Азия мен Еуропа арасын байланыстырып тұрған өзіндік сауда қақпасының рөлін атқарып келгені белгілі. Бұл жерде Ұлы Жібек Жолының бір тарамы өтетін.
Өсімдіктер дүниесі дала және орманды дала зоналарына тән. Фаунасы біршама алуан түрлі деуге болады, өзендері балыққа толы. Климаты шұғыл континентті.
Қаланың жалпы аумағы 700 шаршы шақырым жерді алып жатыр.
Халқының саны 231,8 мың адам, олардың ішінде 83 түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бар.
Қала шеңберінде 4 кент округі орналасқан: Желаев, Деркөл, Зачаганск және Круглоозерное, олардың халқының жалпы саны 35,0 мың адам.
Оралдан еліміздің жүрегі Нұр-Султанға дейінгі қашықтық – 1747 км.
Қала өнеркәсібінің дамуында Орал қаласынан 150 км жерде орналасқан Қарашығанақ кен орнының маңызы зор.
Оралдың тарихи келбеті бірегей және баға жетпес деуге болады, әсіресе XVIII – XIX ғасырдың ескерткіштері өте көп: Е.Пугачевтің тоқтаған үйі, Ескі собор, Құтқарушы Христің Храмы, наказшы атаманның үйі, Карев үйі, облыс әкімдігінің ғимараты, қалалық мәдени және демалыс саябағы. Қаланың қазіргі заманғы көріністерін жаңа зәулім үйлер мен тізіле бой көтерген шағын аудандар, әуежай және темір жол вокзалының ғимараттары, Абайға, С.Датовқа, М.Мәметоваға, В.И.Чапаевқа, А.С.Пушкинге қойылған ескерткіштер, Мәңгілік алауы жалындаған Жеңіс Мемориалы және басқалары толықтырып тұр.